Педагог болу – жауапты іс, әсіресе педагог – дефектологтың еңбегіауыр, себебі ол өз дамуында қалыптан ауытқыған, түрлі кемістікке ұшыраған кемтар балаларды оқытып, тәрбиелейді. Ал бұл педагогика- лық жұмысты кемістіктің бетін қайтарып, жеңуді, баланың жеке басының қалыптасуына көмектесуді, оның жалпы дамуын алға жылжытуды, оны белгілер білімдер жиынтығынан хабардар етуді, онда өмірлік маңызы барбілік, дағдыларды қалыптастыруды, сондай – ақ оның сәтті әлеуметтік бейімделуін іске асыруды көздейтіндей етіп ұйымдастыруды қажет етеді. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі, білімдарлығы, ойлампаздығы, іске адал көзқарасы баланың табысқа жетуіне белгілі дәрежеде көмектеседі.
Педагог – дефектологтар кемтар балалармен ғана жұмыс істеп қоймайды. Оның қызмет өрісіне басына түскен бақытсыздыққа қатты күйзелетін, қиын жағдайларда өздерін түрліше ұстайтын ата – аналарда кіреді. Ата – аналардың бір тобы балаларының болашағы үшін күресуге іштей дайын емес, өзін күресуге дәрменсіз, шарасыз сезінеді, күресудің пайдасы да жоқ деп есептейді. Енді бірі белсене кірісіп, білместіктен баласына пайдадан гөрі зиянын тигізеді. Кейбір ата – аналар баласын тәрбиелеуге құлшына кірісіп, нәтиже тез байқала қоймаған соң әрекетсіздікке көшеді.
Баласының кемтарлығына ұялып, оны оқшау ұстайтын ата – аналар да кездеседі. Ондайлар маманның көмегіне үлкен күшпен келеді. Ақылға келіп, баласына көмек көрсететін ата – аналар да бар. Олар дефектологтен ақыл – кеңес алып, болашаққа сенім артады.
Мұғалім – дефектолог барлық ата – анаға көмектесуге тиіс. Біріне жүйелі, дұрыс жүргізілген жұмыс міндетті түрде табыс әкеледі, сөйтіп бала болашақта үлкен жетістікке жетеді деп сенім ұялатса, екіншісіне дұрыс бағыт ұстамайтынын, балаға деген қарым – қатынасын түбірінен өзгерту керек екенін түсіндіреді, үшіншісіне кемтар баламен жұмыс мықты шыдамдылық пен еңбек қажет ететінін, сәтсіздікке ұшыраған кезде күдер үзудің пайдасы жоқ екенін сендіреді. Педагог ата – анаға кемістігі бар баланы айналадағылардан оқшаулаға болмайтынын, баланың сәтті дамуы үшін әлеуметтік орта қажет екенін түсіндіреді. Әрине, мұғалім – дефектолог қана кез келген жағдайда ата – анаға пайдалы әдіс, тәсілдерді бере алады.
Ата – анамен жұмыс, оларға кеңес беру, қиын кезде оларды қолдау, кемтар баласының болашағын ата – ананың алдына жайып салу педагог – дефектологтің қызметіндегі әрі күрделі, әрі маңызды аспект екенін естен шығармауымыз керек. Сонымен бірге кейде кемтар баланың ата – анасыда кемтар болуы мүмкін. Бұл жағдай педагог – дефектологтің жұмысын ауырлатады, дегенімен мәнін түсірмейді.
Педагог – дефектологтің қызмет өрісіне кемтар баланың айналасындағыларға дефектологиялық білімдерді насихаттау да кіреді. Мұндай жұмыс өте қажет, өйткені кемтар баланың әлеуметтік бейімделуі оның психикалық ерекшелігіне, жеке бас өзгешелігіне ғана тәуелді емес, адамдардың онымен қарым – қатынас жасауға дайын еместігіне, оның қажеттіліктеріне түсінбеуі де тәуелді.
Көпшілігі ынтамен – ақ көмектесер еді, бірақ қалай істеу керек екенін білмейді. Мұғалім – дефектологтің қызметі барлық балаларға, соның ішінде кемтарларға адамгершілікпен қарым – қатынас жасауға көмектесуі мүмкін.
Педагог – дефектолог өзінің алдында тұрған күрделі міндетті үнемі шешіп отыруы тиіс, өйткені ол кемтар балалармен, оның ата – анасымен жұмыс істейді. Бұл үшін ол білімді, көп оқыған болуы керек. Бұл әсіресе оның жалпы және арнайы педагогика саласындағы біліміне қатысты. Ол жаңа әдебиеттермен таныс болып, оқыту мен тәрбиенің түрлі әдіс, тәсілдерін, жекелей жұмыс жүргізу түрлерін еркін меңгеріп, арнайы техникалық құралдарды пайдалана білуі тиіс. Бұл білімдерсіз ол оқу, тәрбие жұмысын іске асыра алмайды, оған коррекциялық бағыттылық бере алмайды, ауру баланың ата – анасына көмектесе алмайды.
Әрине мұғалім – дефектолог түрлі кемістігі бар баланы тәрбиелеу мен оқыту мәселесін тең дәрежеде игере алмайды. Кемтар балалардың әр категориясының өзіне тән ерекшелігі бар. Дегенмен жалпы алғанда мұғалім – дефектолог дефектологиялық жұмыстың барлық бағыттарымен таныс болуы керек.
Мұғалім – дефектолог педагогикалық білімдермен қоса жалпы және жас ерекшелік психологиясын, оның балалар және арнайы бөлімін жақсы білуі қажет. Бұларсыз баланың психологиялық әрекетіндегі ауытқулардың табиғатын, мәнін, сипатын, оның кемістігінің себебін түсінуге, даму перспективасын болжауға болмайды.
Педагог – дефектологтің күнделікті жұмысында тез және қатесіз шешетін мәселелер үнемі туып жатады. Ал бұл мәселелердің бәрі педагогикалық байланысты бола бермейді. Олар көбінесе дәрігерлік, клиникалық сипаттағы білімдерді, физиологиялық заңдылықтарды түсінуді талап етеді. Сондықтан мұғалім осы мәселелерден міндетті түрде хабардар болуы тиіс.
Педагог – дефектологтің жеке басына қатаң талап қойылады. Ол өте адамгершілікті, балаларды сүйетін, оған көмектесуге ұмтылатын адам болу тиіс. Егер салбыр – салақ, айтақан сөзді түсінбейтін, тіпті мінезі нашар кемтар бала мұғалімді үнемі тітіркендірсе, ондай адамға дефектолог болуға болмайды.
Егер ондай адам дефектолог бола қалса, балаға да, өзіне де азап әкеледі. Мұғалім үнемі жаман көңіл – күйде жүреді, ешнәрсеге риза болмайды, сәл нәрсеге ашуланады. Барлық балалар, соның ішінде кемтарлар әдетте өздері болған ортадағы жағдайдың жалпы эмоциялық екпініне көңіл бөліп, өз кемістігіне күйіне, жасына басқа да факторларға сай болып жатқан жағдайларға мән береді. Оқу – тәрбие процесіне өте зиянды «суық соғыс» ситуациясы пайда болады.
Өте мейірімді, төзімді, өз тәрбиеленушілердің әдеттен тыс сан қилы мінез – құлқына ақылмен қарайтын адам ғана педагог – дефектолог бола алады. Сонымен бірге ол ситуацияны игеріп, қажет болғанда тез, негізгі шешімдер қабылдап, оны тәжірибеде қолдана білуі керек. Ол қатал, сөзінде тұратын, бірақ қатігез болмауы тиіс.
Педагог – дефектолог әзілдей де білуі қажет, кейбір жағдайларда жұмсақ қалжың айтып, қиын атмосфераны жайландыруы қажет. Дегенмен баланы мазаққа айналдыруға болмайды. Айтылған сөзді толық түсінбей, кемтар бала, соның ішінде ақыл – ойы кеміс бала сөздің мәнін өзінше қабылдап, оған қайғырады.
Мұғалім – дефектолог балаға мейірімді болуы тиіс. Олардың көбісі үйде қиын жағдайда тұрады, әрдайым оң эмоциялар ала бермейді. Сонымен бірге әрбір бала мейірімді, көңілді қолдауды қажет етеді. Педагог – дефектолог өткізген әрбір сабақта бала өзін жайлы сезініп, мұғалімнің оған жақсы қарайтын болуы тиіс. Бұл жұмыстың табысты болуының басты кепілдерінің бірі.
Жұмыс барысында педагог – дефектологке көңілді, мойымайтын мінез көмектеседі, бұл оның кемтар баламен қарым – қатынасының жалпы дәрежесін көтереді, оқу – тәрбие процесін жандандырады. Сүйікті ұстазының мінез – құлқына еріксіз еліктей отырып, балалар өмірге сеніммен қарайды, өз күшіне сенетін, тіптен аз қызықтыратын тапсырмаларды да ынтамен орындайтын болады.
Мұғалім – дефектологтің жұмысы үлкен – кіші жігерді, жүрек жылуын қажет етеді.
Ол жоғары адамгершілік сапалармен біріккен терең, жан – жақты білімдерсіз іске аспайды.
Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектепте әр түрлі дәрежедегі мүмкіндігі шектеулі балаларды мемлекеттік стандартқа сай бағдарламамен оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Аталған мектепке арнайы психологиялық- медициналық - педагогикалық комиссияның ұйғарымына және шешіміне сәйкес балалар білім алады. Мектепте мұғалім-дефектолог және психолог жұмыс істейді. Инклюзивті білім беру мектебімізде оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметінің барлық түзету – дамыту жұмыстары қарастырылған. Яғни, психикалық дамуы тежелген баланы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің тиісті мамандарымен жүзеге асырылады. Соның ішінен мүғалім-дефектологтың психикалық дамуы тежелген балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуі мынадай бағыттарда іске асырылады:
I.Диагностикалық бағыт:
- баланы алғашқы дефектологиялық тексеру;
-баланың психикалық дамуының динамикасын жүйелі түрде кезең бойына бақылау;
-баланың даму деңгейіне әсер еткен әдіс-тәсілдер мен таңдалған бағдарламаның тиімділігін анықтау;
-оқушының жеке ерекшіліктерін, танымдық қызметін, ерік-жігер саласын, отбасындағы тәрбиелік жағдайдың даму ерекшеліктерін зерттеу;
- жалпы білім беретін мектептің бағдарламасын меңгерудің деңгейін анықтау
-компенсаторлық мүмкіндіктерді іздеп табу;
-баламен жұмыстың бағыттарын айқындау мен бала дамуындағы ауытқулардың алдын алу.
ІІ. Түзету-дамыту бағыты
түзету-дамыту жұмыстары мынадай бағыттарда жүзеге асады.
– ұсақ моториканы дамытуға арналған жаттығулар мен ойындар;
– сенсорлы қабылдауды дамыту; (уақыт кеңістігін, пішін мен көлем, түстерді қабылдауы);
-салыстыру, талдау, жинақтау, қорытындылау, жалпы ойлау операцияларын қалыптастыру;
– зейіннің тұрақтылығын және шоғырлануын дамыту;
– көру, есту арқылы есте сақтауын дамыту;
– психомоторлық дамуды жүзеге асыру мен сөйлеу тілін, сөздік қорын арттыру.
Алынған диагностика нәтижесі бойынша балаға жүргізілетін түзету-дамыту жұмысының бағыты анықталып, бағдарлама түзіледі. Бағдарламада баланың жеке бас ерекшеліктері мен қабілеттері ескеріліп сабақ жоспары жасалады. Түзету-дамыту сабақтары оқушының сабақтан бос уақытында өтіледі. Түзету-дамыту сабақтарының ұзақтығы 20-35 минут (оқушының зейін тұрақтылығына және төзімділігіне байланысты).
ІІІ. Психологиялық кеңес беру.
– баланың жас, жеке, типтік ерекшеліктерін ескере отырып ата-аналарға, ұстаздарға бірқатар ұсыныстарды даярлау;
– оқушымен тікелей жұмыс жасайтын педагогтармен әңгімелесу;
– баламен жүргізілген жұмыстың жалпы қорытындысымен ата-аналарды таныстыру;
– ата-аналарға баланың тәрбиесіндегі қиыншылықтары туралы нақты ұсыныстар даярлау;
– ата-аналарға баланың психофизикалық мүмкіндіктеріне сай баланы оқыту мен оны дамытудың маңыздылығын түсіндіру;
-мектептегі қызмет мамандарымен тығыз қарым-қатынаста болу. Баланың жеке бас ерекшеліктері жайлы пікір алмасу.