2024 жылдың 22 қарашасында Ерейментау ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Бөгенбай батыр атындағы мектеп-лицейінде «Құқықтық мәдениет – саналы ұрпақ негізі» атты Ерейментау ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Нұрмаханов Ельдар Қазбекұлы және аудан прокуратурасының аға прокуроры 3-сыныпты заңгер Баешев Арманбек Туребекулы мектеп оқушыларымен кездесу жиынын өткізді. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясын қабылдауының 35 жылдығын, ратификациялауының 30 жылдығын және Дүниежүзілік балалар күні жарияланғанының 70 жылдығын мерекелеудің республикалық онкүндігін өткізу бойынша облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған кездесу жиыны ерекше өткізілді. Іс-шараға аудандық білім бөлімінің әдіскері Э.Т.Макаева және мектеп директоры Е.Т.Жахин қатысты. Елдар Қазыбекұлы мен Арманбек Туребекулы құқықтық мәдениет, заңдарды білу және құқықтық жауапкершілік туралы мазмұнды әңгіме өткізді. Оқушыларға еліміздің заңдары, олардың адам өміріндегі маңызы мен рөлі, құқықтық нормаларды сақтау қажеттілігі туралы түсінікті және қызықты тілмен жеткізді. Әңгіме барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, өз құқығыңды қорғау және қоғамда заңды құрметтеудің маңызы жөнінде және заңгер болу үшін жастарға кеңестер берілді. Өйткені, бұл іс-шараға болашақта осы саланың маманы болғысы келетін оқушылар қатысты. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық әрі мазмұнды жауаптар алды. Бұл кездесу оқушылардың құқықтық білімін тереңдетіп қана қоймай, саналы және заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуларына ықпал етті. Мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Л.Төлебек жүргізген іс-шара еркін, ашық TEDx форматында өрбіді және оқушылар кейс, жағдаяттарды шешті, дискуссия алаңын қалыптастырды. Жиын соңында болашақта заңгер болсам, қандай өзгерістер енгізетіндіктері туралы ойларымен қорытындылады. Прокуратура өкілдеріне бірнеше оқушының жауаптары ұнады және аудан прокуроры атынан құнды кітап естелікке берілді. Бұл өз кезегінде оқушыларға мотивация және кездесуден ерекше әсер алған оқушылар мұндай іс-шаралардың өздеріне пайдалы әрі маңызды екенін атап өтті. Бұл жиын жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы маңызды қадам болды.